Ақтөбеде базардағы кәсіпкерлер шу шығарды

489

Ақтөбеде коммуналдық базарда тұратын жеке кәсіпкерлер  шағымданып отыр. 

Ақтөбеде базардағы кәсіпкерлер шу шығарды Фото: inbusiness.kz

Айтуларынша, cалық органдарына қарыз екені туралы хабарлама келіпті. Берешектері – әркімде әртүрлі. 300 мың мен 3 млн теңгенің аралығында. Базарда 400-ге тарта  саудагер бар.

"Көкөніс саттын, сүт, ет, жалпы айтқанда бәріне де салық органынан хабарлама келді. Біз қандай негізге сүйеніп жібергенін білгіміз келеді. Оған нақты жауап ала алмадық. Біз сауда орнын жалға алушымыз. Салық басқармасынан бізге әлеуметтік аударымдар, міндетті медициналық сақтандыру, зейнетақы қорына төлем жасау туралы хабарлама келетін. Соның бәрін ай сайын төлейміз. Ешқандай берешегіміз жоқ. Аренданың да ақшасын төледік. Ал мына қарыз туралы электронды почтамызға 27 сәуірден бастап хабарлама келген. Біз оны кездейсоқ білдік. Базардың қазіргі  басшылығынан салыстыру актісін алып жатырмыз. Ол жерде ешқандай қарызымыз жоқ екендігі айтылған. Соны салық басқармасына апарамыз", дейді Жанат Божықызы. 

Базардағы кәсіпкерлер негізсіз қарыз жазылған актілердің келу себебін түсіндіруді талап етіп отыр.

"Маған  1 млн 38 мың теңге қарызсың деген хабарлама келді. Біреулерге 2 млн теңге қарызсың деген қағаз келген. Осыны білгеннен кейін мемлекеттік кірістер басқармасына барып арызымызды жазып кеттік. Салыстыру актімізді тапсырдық. Ақ-қарасын анықтап, шешсе екен дейміз. Оны біреу төлеу керек ғой, ал біз қарапайым халықпыз. Өзіміздің таза еңбегімізбен нәпақа тауып жүрміз", дейді Ләззат Мұсаева.

Коммуналдық базарға басшылық ететін серіктестік ауысқан. Қазіргі басшылығы әрбір жалға алушыға салыстыру акттерін беріп жатыр. Ақтөбе қалалық мемлекеттік кірістер басқармасындағылар мәселенің неден туындаған түсіндірді:

"Кезінде базарды басқарған жеке серіктестік  өзінің  арендаторларына шот- фактура жазу  арқылы бережақтарын көрсеткен. Арендаторлар өз кезегінде ақшаны қолма-қол  төлеген. Сол себепті салық органдары заң аясында, өз құзіретінің шеңберінде  барлық бережағы  бар мекемелерге шара жасауға құқылы. Серіктестік жұмыс жасаған барлық мекемелердің тізімдерін алып, хабарлама жіберілді.  Орындау күні -  20 жұмыс күні. Салыстыру актісі – дәделдеме ретінде негіз болады. Егер сол құжатпен бережағы жоқ екені расталған болса, біздер  кәсіпкерлерге қойылған хабарламалардың барлығын орындалды деп белгілеп қоятын боламыз", деді Ақтөбе мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айбол Жұмабаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу