Ақтөбе облысының Алға ауданында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған Қазақстандағы алғашқы жыл бойы жұмыс істейтін "Күншуақ" сауықтыру лагері жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Лагерь 2018 жылы "Бақытты бала" жобасы аясында ашылған. Осы уақыт ішінде мұнда 4,7 мыңнан астам бала демалып, сауықтыру және оңалту шараларынан өткен.
18 гектар аумақта орналасқан лагерьде тоғыз тұрғын корпус бар, оның төртеуі жыл бойы жұмыс істейді. Балалар үшін заманауи асхана, медициналық пункт, сенсорлық бөлме, емдік дене шынықтыру кабинеті, бассейн, ойын және психологиялық демалыс бөлмелері қарастырылған.
Сонымен қатар аумақта спорт алаңдары, Workout аймағы, хоккей корты және иппотерапия алаңы бар. Балалар психолог, логопед және дефектолог мамандардың көмегін алып, түзету-дамыту сабақтарына қатысады.
Жыл сайын лагерьде 12 күндік алты ауысым ұйымдастырылады. Оған облыстың барлық ауданынан 7-15 жас аралығындағы балалар қатысады. Қазір Мұғалжар, Темір аудандары мен Ақтөбе қаласынан келген 41 бала демалып жатыр.
Балалар күніне бес мезгіл теңгерімді тамақпен қамтамасыз етіліп, спорттық жарыстарға, шығармашылық шеберлік сабақтарына және зияткерлік ойындарға қатысады.
Алдағы уақытта лагерь базасында жазғы мектеп ашу жоспарланған. Бұл балаларға демалыс кезінде білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.