Ақтөбеде ірі кәсіпорындар технологиялық жаңғыртуға 400 миллиард бөледі

2053

Ақтөбеде ірі кәсіпорындар технологиялық жаңғыртуға 400 миллиард бөледі

Ақтөбе облысының ірі кәсіпорындары технологиялық жаңғыртуға 400 млрд теңге инвестиция салмақ, деп хабарлайды Ақтөбе әкімінің баспасөз қызметі.
Бердібек Сапарбаев "Энергосистема" ЖШС және Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барды. Өндірістік нысандарда аймақ басшысы  технологиялық жаңғырту жүргізілуі тиіс барлық кәсіпорын басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.
"Наурыз айында кәсіпорындарды жаңғыртуға арналған жол картасы бекітілді, онда инвестициялардың нақты сомасы, мерзімі мен күтілетін нәтижелері көрсетілген. Облыстың жиырма ірі кәсіпорнымен өндіріске цифрлық технологияларды енгізу және жаңғырту  бойынша іс-шаралар жоспары жасалды. Бұл ірі кәсіпорындардың қызметіне облыс экономикасының дамуы тәуелді деуге болады.  Жыл соңына дейін олар техникалық қайта жаңғыртуға 12 млрд теңге қаржы салуға тиіс. Біз "Энергосистема" ЖШС мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы цехтардың жұмыс нәтижесімен таныстық. Нәтижелері жаман емес", - деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов технологиялық жаңғырту нәтижесі бойынша өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсіп келе жатқанын айтып өтті.
Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде өсу байқалды. Аймақтың өнеркәсіп саласының ҚҚК  жалпы көлемі 104,7% құрады. Ақтөбе облысы өңдеу өндеркәсібі бойынша елімізде бірінші орынды иеленді. Биыл 20 кәсіпорын 12 млрд теңгеге жаңартылатын болады. Бүгінгі таңда 15 кәсіпорында жалпы құны 9,5 млрд теңге болатын жұмыс аяқталды, жылдың аяғына қарай тағы бес кәсіпорын 2,5 млрд теңгеге технологиялық үдерісін жақсартады деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу