Ақтөбеде қарды шығарып үлгермей жатыр

1029

Тендерден өткен мекемелер жұмысты наурыз айынан бастаған. 

Ақтөбеде қарды шығарып үлгермей жатыр

Ақтөбеде қыстың соңғы айында көп жауған қарды тазалап үлгермей жатыр. Оның үстіне, коммуналдық қызмет көрсететін жеке мекемелерге тендер кеш жарияланып, кейбір тәжірибесіз жеке мекемелер жұмысқа наурыз айынан бастап қана кіріскен, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұрын қаланы басып қалған қарды қала сыртына шығарумен 8 мердігер компания айналысқан, қазір олардың саны 13-ге жеткен. Биыл бұл жұмысқа 800 млн теңге бөлінген. Әзірге келісімшарт санаулы мекемемен ғана жасалған, тендердің қалған қатысушыларының мүмкіндігі әлі қарастырылуда. Қалалық тұрғын үй және коммуналдық қызмет шаруашылығы бөлімі тендер нәтижесі толық шыққаннан кейін жауапты мекемелердің жұмыс кестесін, қарайтын учаскелерін, телефон нөмірлерін қоса ашық жариялауға уәде береді. 

Осылайша, көшелерді қардан тазалау міндетін мойнына алған "су жаңа" компаниялар 1 наурыздан бастап жұмысын бастаған. Мәселен,  "ТехЭлектро-Қазахстан" ЖШС-ға проблемалық саналатын "Москва" ықшамауданы, 11 және 12 ықшамаудандар бекітілген. Мекеме қазір күніне оншақты рет қатынап, шыққан қарды қала сыртындағы мал базары аумағындағы полигонға апарып төгеді. Серіктестік директорының орынбасары Болат Набатовтың айтуынша, бәрінен бұрын жұмысшылардың тапшылығы қолбайлау болып тұр екен. Қауырт жұмысты қиынсына ма, әдепкіде 70 шақты адам жалданғанмен, олардан 50 адам ғана қалған. 

"Жалақы тым аз дейтіндей емес, 100-130 мың теңге шамасында. Адамдар келіп, бір-жар күн жұмыс істейді де кетіп қалады, орындарына басқаларын іздеуге тура келеді",– деп шағымданады Болат Набатов. 

Қазіргі күні қала сыртына 200 мың текше метр қар шығарылған. Алайда синоптиктер мәліметі қардың осы апта үзбестен жауатынын көрсетіп тұр. Ал жарнама көздерінен "қар шығарамын" деген хабарландыруды таңдап отырып, қалап алуға болады. Олардың бағасы 5 мың теңгеден басталады, сағатына екі рейс жасайды. Негізгі тапсырыс иелері – шаһардағы жеке секторларда тұратындар.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу