Ақтөбе облысы Алға ауданы Тоқмансай ауылындағы орта мектепте директордың әрекетіне қатысты шу шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Шағымда айтылғандай, мектеп директоры педагогикалық әдеп нормаларын сақтамай, қызметкерлермен дөрекі сөйлескен, сондай-ақ мұғалімдер арасындағы жүктемені талапқа сай бөлмеген. Сонымен қатар, мектеп асханасында тыйым салынған өнімдерді заңсыз сату фактілері көрсетілген.
Мұғалімдердің сөзінше, директор жалға алушының атын пайдаланып, асханада бәліш пен тәттілер сатумен айналысқан. Тіпті кейбір төлемдер басқа қалада оқитын қызының нөміріне аударылғаны да айтылған.
Осы деректер негізінде Ақтөбе облыстық білім басқармасы арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізді. Нәтижесінде директордың педагогикалық әдепті бұзғаны, оқу жүктемесін дұрыс бөлмегені және мектеп асханасында заңсыз сауда ұйымдастырғаны расталды.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты мектеп директоры А. Қарасаева 2026 жылғы 8 сәуірде қызметінен босатылды.