Ақтөбеде мектеп директоры сотталды

192

Сот үкімі заңды күніне енген жоқ.

Ақтөбеде мектеп директоры сотталды   Фото: Pixabay.com

№2 Ақтөбе қалалық сотында Міржақып Дулатұлы атындағы №63 мектеп-лицейінің директоры Алима Айзақоваға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің "Пара алу" бабы бойынша айып тағылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс материалына сүйенсек, былтыр жазда ғана басшылық қызметке тағайындалған А.Айзақова интернет жүйесін жөндеу туралы конкурс жариялайды. Конкурсқа "Аманов" ЖК қатысады. Жоба құны бар болғаны 339 876 теңге. Екі тарап келісімшартқа қол қойып, интерактивті тақтаны жөндеу, Ұлттық куәландырушы орталықтың сертификатын қондыру секілді жұмыстарды міндеттейді. Ерлі-зайыпты жеке кәсіпкер жұмысты атқарады.

Алайда кейбір жұмыс техникалық талапқа сай болмай шығады. Сол кезде мектеп директоры кәсіпкерді жосықсыз деп тануға болатынын біліп, қабылдау актісіне қол қоюдан бас тартады.

Жұмысты кедергісіз қабылдау үшін кәсіпкермен жеке кездесіп, 300 000 теңге пара сұрайды. Кейін жеке кәсіпкер соманы 250 000 теңгеге дейін түсіруді сұрады. Дәл осы тұста жеке кәсіпкер өзіне артылған жұмысты толық орындап, интерактивті тақтаны да іске қосады. Соған қарамастан директор қабылдау актісіне қол қоймайды.

Сот кабинетіндегі іс материалына сүйерсек, жеке кәсіпкер кейін ҰҚК Ақтөбе облыстық департаментіне барып, мән-жайды хабарлайды. Сол кезде жеке кәсіпкерге арнайы белгісі бар 230 000 теңге беріледі, өзі 20 мың теңге қосып, келісім бойынша ақшаны мектептегі директордың өз кабинетінде береді.

Сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындады, ісіне өкінді. Сот үкімімен мектеп директоры Алима Айзақова кінәлі деп танылып, параның 30 еселенген түрінде айыппұл салынды.

Яғни сотталушы 250 мың теңгені 7,5 млн теңге етіп қайтарады және мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару қызметінде жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу