Ақтөбеде ресейліктерге уақытша тұратын орындар ұйымдастырылмақ

610

Қазір қала сыртындағы үш бірдей жазғы балалар лагерінің иелерімен сөйлесіп жатыр. Бұл туралы аймақ басшысы Ералы Тоғжанов жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты.

Ақтөбеде ресейліктерге уақытша тұратын орындар ұйымдастырылмақ

"Бұл азаматтар қиналғаннан келіп жатыр, балаларымен бас сауғалап келгендер де бар. Қазір біз арнайы тіркеу орталығын ұйымдастырдық. Бүгін 1500-ден астам адам жеке сәйкестендіру нөмерін алды. Ең бастысы - біз қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Тағы бір жайт – баға мәселесі. Пәтер жалдау құны тәулігіне 40-50 мың теңгенің аралығында болып тұр. Бағаны қалай да ұстап тұру жолдарын қарастырып, балалар лагерлерінің ғимаратынан орын бөлу жағын ойластырып отырмыз. Ол жерде әрі жылы, жатын орын бар. Баға жағы әлі нақтыланбады, есептеп жатыр. Тәулігіне 10-15 мың теңге аралығында болып қалады", – деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Аймақ басшысы сонымен қатар, орта арнаулы оқу орындарының жатақханасында бос тұрған орындарға тоқталды. Олар да жатын орын ұсынуға әзір. Мысалы, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі және байланыс, электротехника колледждерінің біріктірілуіне байланысты 120 орындық байланыс колледжінің жатақханасы босаған. Облыстық білім басқармасы әуелі бос орындарды кәсіптік білім беру студенттеріне ұсынған. Алайда, студенттер тарапынан сұраныс болмағандықтан, үй-жай іздеген ресейлік азаматтарға жатын орын ретінде ұсынғалы отырғанын жеткізді.

Білім басқармасындағылар бұл колледж үшін қосымша табыс көзі және қаладағы шарықтап тұрған пәтер ақының төмендеуіне әсер етеді деп санайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу