Ақтөбеде жауапсыз мал иесіне айыппұл салынады

894

Көп адам малының қашан ұрланып, жоғалғанын білмейтін болып шықты.

Ақтөбеде жауапсыз мал иесіне айыппұл салынады

Ақтөбе облыстық мәслихаты үй жануарларын серуендету тәртібін бекітті, оны сақтамаған тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген, – деп жазды inbusiness.kz.

Бұған мал иелерінің жеке меншігіндегі қой-ешкілер мен басқа да жануарларын жайылымға немесе көшеге шығарған уақытта қараусыз қалдыруы себеп болып отыр. Сол себепті қабылданған Ақтөбе облысы бойынша мәслихаттың 2021 жылғы 24 ақпандағы №16 шешімі бойынша, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю, сондай-ақ иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидалары бекітіліп отыр. Бұдан былай ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қоршалған немесе қоршалмаған жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларының иелерімен не олар уәкілеттік берген адамдармен жүзеге асырылады. Осы қағидаларды сақтамағаны үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Белгілі болғандай, биыл Ақтөбе облысы бойынша 76 қылмыс тіркеліпті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға аз. Азаматтардан 412 бас мал ұрланған, оның ішінде жылқы – 147, ірі қара мал – 82, ұсақ мал – 183, 209 бас мал иесіне қайтарылған. Жыл басынан бері полиция департаментінің бөлімшелеріне 30-дан астам азамат малдың еркін жайылымнан жоғалу деректері бойынша жүгініп, қазіргі күні олар тегіс табылған. 

"Мал ұрлығының 90 пайызы немесе 68-і еркін мал жайылымнан ұрланған, себебі мал иесіз жайылып жүр. Егер мал ұрланған болса, иелері көбінесе қай уақытта ұрланғанын немесе жоғалғанын білмейді, бұл жағдай малды іздестіруді қиындатады. Сол сияқты жоғалған малды іздеуге ішкі істер органдарының айтарлықтай күші мен қаражаты, көп уақыты жұмсалады", – дейді облыстық ПД бастығының орынбасары Мұрат Сейталин.

Айта кетейік, жергілікті атқарушы органдардың көмегімен облыс бойынша қаңғыбас малды ұстауға арналған 69 қора жұмыс істейді, оған жыл басынан бері 1267 бас иесіз жайылып жүрген мал орналастырылған. Ал ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін 600 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өкінішке қарай, қараусыз жүрген мал кейде көліктердің қозғалысына да қауіп төндіріп жатады. Биыл облыс аумағында малдың қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде жеті адам түрлі дене жарақатын алған.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу