Ақтөбеде жазасын өтеп шыққан үш адам кәсібін ашты

942

Олар бизнес-жобаларын сәтті қорғап, қайтарымсыз грант ұтып алған.

Ақтөбеде жазасын өтеп шыққан үш адам кәсібін ашты

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Шалқар аудандық пробация қызметінің қолдауымен пробация есебінде тұрған 3 сотталған "Атамекен" ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы арқылы 584 мың 400 теңге қайтарымсыз грант ұтып, кәсіп ашты, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, темір тордан босап, пробациялық бақылауға алынған 3 азаматтың жеке кәсібін ашуы үшін Шалқар аудандық пробация қызметі оларды "Атамекен" ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы "Бастау Бизнес" жобасы бойынша "Кәсіпкерлік негіздері" курсына оқытады. Олар өздерінің бизнес-жобасын сәтті қорғап, нәтижесінде 584 мың 400 теңге қайтарымсыз грант ұтып алады. Бұлардың ішінде бірі қайтарымсыз грантқа сатып алынған станоктармен ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтар мен астаулар жасаса, тағы бірі пластикалық терезе жасауға кірісіпті.

Белгілі болғандай, ол бұл кәсіппен бұрын айналысқан екен, бірақ, жазасын өтеп жүрген кезде құрал-жабдығы ескіріп, жарамсыз болып қалғандықтан қайтадан жаңартуға тура келген.

Ал үшінші азамат қайтарымсыз грантқа фастфуд тағамдарын дайындайтын құрал- жабдықтар сатып алып, вокзал маңында орналасқан фастфуд тағамдарын дайындайтын шағын дүңгіршекте донерге тапсырыстар қабылдай бастапты. 

"Пробация есебінде тұрған 3 сотталған да жоғарыда аталған кәсіп түрлерімен айналысқылары келетіндігі жөнінде өтініш білдіргендіктен, біз оларды "Атамекен" ҚР ҰҚП жанындағы "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне білім алуға жолдама бердік. Қазіргі уақытта кәсібін ашқан сотталғандардың тәртіптері жақсы. Жалпы, істі болған сотталған азаматтарға көрсетілетін мұндай қолдау олардың қоғамға тез бейімделулеріне және қайта қылмыстың алдын алуға, болдырмауға септігін тигізеді",- дейді Шалқар аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет капитаны Ақгүл Айымбетова.

Құралай Қуатова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу