Ақтөбедегі түзету мекемелерінде "Үміт-2021" байқауы өтті

878

Онда екі қолы жоқ сотталушы жасаған дүниелер де көрсетілді.  

Ақтөбедегі түзету мекемелерінде "Үміт-2021" байқауы өтті

Ақтөбеде жазасын өтеуші сотталғандар "Үміт-2021" байқауында бақ сынасты. Сайысқа олар өз қолдарымен дайындаған қолөнер бұйымдары және суреттерімен қатысты, 11 қолөнер бұйымы және 11 кескіндеме суреттері өзара сайысқа түсті.

Көздің жауын алатын қолданбалы өнер бұйымдары Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты КА-168/1, КА-168/2 және КА-168/3 мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар арасында өткен "Үміт-2021" облыстық байқауында көрініс тапты. Көрмеге қойылған жұмыстардың арасында КА-168/1 мекемесінде жазасын өтеушінің құрылысқа арналған шеге мен қарапайым жіпті пайдалана отырып жасаған "Шығыс ханшайымы" еңбегі жоғары бағаланып, бірінші орынды иеленді.

Сондай-ақ КА-168/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан он саусағы жоқ азамат сіріңкеден тұрғын үй жасап шығарған. Белгілі болғандай, ол бұрын екі қолын аязға үсіріп алған, ал түрмеге түскеннен кейін осы өнермен айналыса бастапты.

"Байқаудың негізгі мақсаты – түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші сотталғандардың табиғат сұлулығын, өнер туындыларын, әдебиеттерді және кескіндемені түсінуін дамытуға бағытталған эстетикалық тәрбие беру", – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы әділет майоры Руслан Төлегенов.

Сайыс соңында қазылар алқасында болған облыстық өнер музейінің өкілдері, жастар ресурстық орталығының мамандары және өңірдегі қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы байқауға түскен үздік суреттер мен қолөнер бұйымдарының сапасына баға беріп, жүлделі туындыларды анықтады. Жүлделі І орынды иеленген үздік туынды сотталғандар арасында өтетін республикалық байқауға жол тартпақ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу