Ақтөбелік кәсіпкер көзі тірісінде өзіне бейіт салып, ескерткіш орнатып алған

9309

Ескерткіш мүсін 2022 жылы салынған.

Ақтөбелік кәсіпкер көзі тірісінде өзіне бейіт салып, ескерткіш орнатып алған Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбелік кәсіпкер Қуандық Әлішев екі жыл бұрын қала іргесіндегі қорымнан орын алып, ескерткіш мүсінін тұрғызып қойды. Ол мұны қатты ауырған соң ойластырғанын айтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Ақтөбе қаласы Кірпішті тұрғын алабы маңында үлкен қорым бар. Мұнда қазақтармен қатар өзге этнос өкілдері де жерленген. Кіреберістің сол жақ бөлігінде орналасқан ескерткіш мүсін 2022 жылы салынған. Әкімшілік зираттың кәсіпкер Қуандық Әлішевке тиесілі екенін біледі.

"2022 жылдан бастап салды. Үлкен кісі екен. Алдын ала көргісі келген шығар қандай болатынын. Бар болғаны 2-3 айда салып болды. Тек өзіне ғана арналған. Гранит тасты қолданып тұр. Мұнда бұған дейін дәл осылай дайындап қойған адам болды. Бірақ ол кісі қайтыс болып, жерленді. Негізі мұндайды үлкен кісілер жасайды. Оларға тыйым сала да алмайсың. Орын сатылмайды", - деді Кішпішті тұрғын алабындағы орыс зиратының әкімшісі Сәбит Дүйсенов.

Оның айтуынша, негізі адамдар қайтыс болғаны туралы анықтама әкеледі. Содан кейін ғана орын беріледі. Жер тегін берілгенімен, мұндағы қабір қазу қызметі 90 мың теңге тұрады.

Тірі кезінде зираттан орын алып, бейітін салған кәсіпкер оң жағына тасқа қашатып "Бақытты өмірдің белгісі: Абырой, бала-ұрпақтарың", ал сол жағына "Тынымсыз іздену, мазасыз тірлік - мұратың" деп жаздырған.

 - Мен 86 жастамын. Осыдан екі жыл бұрын қаңтарда құлап, белім сынып қалып, жаттым. Сол кезде өз балаларымдай болған бастықтар келіп, денсаулығымды сұрады. "Ағаларыңның өліп қалатын түрі бар, жүре алмайды. Алматыда балаларым, інілерім, жақын достарым көп. Жер берсеңдер, солар барлығын жасап береді" деп айттым. Ал зираттың орнын қырдың үстінен өзім таңдап алдым. Жер берген кісілерді кінәлайтын ештеңе жоқ. Сұраған мен кінәлі. Мен салдым, - деді кәсіпкер Қуандық Әлішев.

Ол бейітке қоятын ескерткіш мүсіннің үлгісін өзі таңдап, өзі бекіткен.

Айта кетейік, Қуандық Әлішев – Ақтөбе облысы Темір ауданының тумасы. Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтында білім алып, ғылыми еңбектер жазған. Қаракөл қойы қозысының ерекше түсті елтірісін алу жолын ұсынған. Түрлі жылдары спирт зауыты, шошқа фермасы, құс цехы болды. Қазіргі кезде көпқабатты үй салып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу