Темір ауданында "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ерекше шығармашылық жоба жүзеге асырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аудандық Көркемсурет мектебінің 6-сынып оқушысы Қуаныш Жансая Нұрланқызы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу арқылы ұлттық нақыштағы қазақ қызының бейнесін жасап шықты.
Шығармашылық жұмыс барысында әртүрлі тұрмыстық қалдықтар қолданылып, олардан қазақ халқының ұлттық болмысын бейнелейтін көркем композиция құрастырылған. Жоба қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызын насихаттауға, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті дамытуға ықпал етеді.