Ақтөбені дамытудың бас жоспары мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр

551

2050 жылға қарай Ақтөбе 950 мың халқы бар ірі мегаполиске айналады деп болжанып отыр. 

Ақтөбені дамытудың бас жоспары мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр Фото: qazir.kz

Ақтөбе қаласын дамытудың жаңа бас жоспары мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Облыс әкімдігінде қаланы дамытудың жаңа бас жоспары қаралған кеңес өтті. Оған республиканың ең мықты жобалаушылары мен сәулетшілері, бірқатар мемлекеттік органның басшылары қатысты. Ақпаратқа сәйкес, "Урбостиль" ЖШС жобалық-қала құрылысы директоры Любовь Нысанбаева, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров баяндама жасаған.

Бас жоспарда Ақтөбені дамытудың 2050 жылға дейінгі негізгі бағыттары көрсетілген. 2050 жылға қарай облыс орталығында 950 мың адам тұратын болады деп болжанып отыр.

"950 мың адам — есептеудің ең қарапайым әдісі бойынша шыққан көрсеткіш. Бас жоспарда белсенді өсіп келе жатқан қаланың барлық қажеттіліктері ескеріледі және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беріледі. Барлық мәліметтер мен есептеулер қалалық және облыстық қызметтермен келісілген. Қазіргі таңда бас жоспар мемлекеттік сараптамадан өтуде", - деді Любовь Нысанбаева.

Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың айтуынша, тез арада шешуді қажет ететін негізгі мәселенің бірі газ тапшылығын жою болып отыр. Бұл қолданыстағы газ тарату желілерінің жоғары жүктемесінен туындаған көрінеді.

"Газ көлемі жеткіліксіз болса, қала дамымайды", - деді облыс әкімі.

Аталмыш мәселені шешу мақсатында "Бұқара-Орал" магистральдық газ құбырынан бөлінетін газ құбырының үшінші желісін салу жөніндегі жобаны қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу