Ақтөбенің арзан газы мен электр тогы жылыжай шаруашылығына тиімді

1154

Ақтөбенің арзан газы мен электр тогы жылыжай шаруашылығына тиімді

Өңірімізге 10 күндік жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттарының бір тобы бүгін жылыжай жұмысымен танысты. Владимир Божко Ақтөбеде алғаш рет қияр мен қызанақты жылыжайда өсірген "Изет Грин Хаус" серіктестігінде болып, шаруашылықты аралады. Ол әңгіме барысында өзінің де жылыжай өнімдерін тұтынатынын айтып, бұл саланы әсіресе Ақтөбеде дамытудың тиімділігі жоғары екенін атап өтті.

Ақтөбе облысы бойынша ең алғаш ашылған жылыжай бүгінде қаржы институтынан алған 1 миллиард 238 миллион теңге несиені толық төлеп, бар қарыздан құтылды. Облысқа, тіпті, Ресейдің Орынбор мен Орск қалаларына жыл бойы қияр мен қызанақ тасымалдайтын жылыжайда қазір жас өскінді отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда өсіріліп жатқан қызанақ үш айда жетіліп, 9 ай бойы өнім береді. Ал қияр 1,5 ай өсіп, 4 ай бойы өнім береді. Сондықтан қияр екі рет егіліп, жылына жалпы есеппен 1500 тонна көкөніс өндіріледі. Жылыжай жұмысымен танысқан Мәжіліс депутаты Владимир Божко Ақтөбеде ауыл шаруашылығын дамытудың тиімдігілін атап өтті. 
"Ақтөбе жылыжай шаруашылығын дамытып отырған үздік өңірлердің бірі. Себебі, мұнда газ бен электр энергиясы еліміз бойынша ең арзаны. Қолайлы жағдай жылыжай шаруашылығының табысын еселейді, кәсіпкерлерді, инвесторларды қызықтырады. Бір қуантарлығы, ірі жылыжай "ҚазАгроҚаржы" акционерлік қоғамынан алған несиені толық өтеді. Қазір кәсіпкерлер табыс тауып, әрі қарай дамуға көшті.Жаңа технологияны меңгеру, білікті мамандарды шақыру дұрыс. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Біз ауыл шаруашылығының үздік технологиясын игеріп, нарық заманында өнім алумен қатар табыс табуды үйренуіміз керек",- деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутатыВладимир Божко. 
Жылыжай аумағы - 3 гектар. Мұнда голландиялық технология енгізіліп, сәтті игерілді. Барлығы 50 адам жұмыс істейді. Бау-бақша баптап, өз өнімдерін ғана тұтынған өңір тұрғындары "әйнек" ішінде өскен өнімнің сапасына шағым айтқан емес.

"Әрине, мен де жылыжай өнімін тұтынамын. Бұрын қысты күндері қияр мен қызанақ жеу деген арман болатын. Ал қазір бәрі бар. Қазір бір келі қияр құны еттің бағасымен бірдей. Бірақ оны адамдар алады, тұтынады. Айта кетерлік жайт, Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде бағаны нарық реттейді деген келісім болды. Бұл ауыл шаруашылығына оң әсірін тигізді. Бәсекелестік артып келеді. Ал бәсекелестік болған кезде даму болады. Бәсекелестік дамыған тұста адам жылдам ойлап, ойын іске асырады", – деді Владимир Божко. 
Ақтөбеде жалпы аумағы 15 гектар болатын жылыжай бар. Оның үшеуі ірі, өзгелері шағын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Аян Сәулетұлының айтуынша, ақпан айында тағы бір ірі жылыжай іске қосылмақ. Егер жылыжайлар аумағы 45 гектарға болса, бұл өңір халқын жыл 12 ай қияр-қызанақпен қамтамасыз етуге жеткілікті. 
"Жылыжай технологиясына, қуаттылығына қарай мемлекет жыл сайын субсидия беріп отыр. Мәселен, "Изет Грин Хаус" жылыжайының әр гектарына 3,5 миллион теңге субсидия берілді. Бұл қаржы коммуналдық төлемдермен қатар жұмысшылардың жалақысына да төленуі мүмкін. Мемлекет субсидия бөледі, сәйкесінше өнім бағасы арзан болады", – дейді Аян Сәулет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу