Ырғыз ауданы Құйлыс ауылына Торғай өзенінен әлі де су келіп жатыр. Ертең мұнда жанар-жағармай мен 5 мың қап жіберіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Құйлыс ауылының тұрғындары мен әскерилер, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің тасқын суға қарсы күрес жұмысын жүргізіп жатқанына айдан астам уақыт өтті. Бүгін су ауылдың өзге жағынан келіп жатыр.
"Қазіргі таңда Торғай өзенінен келген су деңгейі 1 метрден асты. Барлығы 8 техника жұмылдырылды. Олар: 4 тиегіш, 3 КамАЗ және бір К700. Сондай-ақ, №20982 әскери бөлімінің 40 әскериі, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысы қызметінің 5 қызметкері бар. Ауыл тұрғындарын қосқанда мұндағы адамдар саны – 80. Ауа райының қолайсыздығы, яғни, екпінді желдің соғуына байланысты мектептің артқы жағында ыза су пайда болды. Қазіргі таңда сол жерді бөгеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Азық-түлік және жанар-жағармай, қаптар аудан орталығынан жеткізілуде. Ертең ауылға бір тонна жанар-жағармай және 5 мыңнан астам қап жіберіледі", - деп хабарлады Ырғыз ауданының әкімдігі.
Еске салсақ, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында тасқынға қарсы күрес жұмысы жалғасып жатыр. Мұнда 8 сәуір күні төтенше жағдай жарияланды. Үш ауылда үйлерге су кірсе, Құйлыс және Жайсаңбайда бөгеттерді нығайту жұмысы жүргізіліп жатыр.