Ақтөбенің шаруалары митингке шықты

569

Олар субсидия, егін, дизель отынымен қамту секілді мәселелерді көтерді. 

Ақтөбенің шаруалары митингке шықты Фото: Inbusiness.kz

Ақтөбе фермерлік орталығы бұл бейбіт шеруді өткізу үшін жергілікті атқарушы биліктің рұқсатын алған. Жиынға көрші облыстардың фермерлері де қатысуға тілек білдірген екен, алайда, ауа райы жағдайына байланысты келе алмапты. Астанадан ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері мінген ұшақ та аязға байланысты кешігіпті. Жиынға жүзге тарта фермер жиналды.

"2016 жылдан бері "Ырыс" бағдарламасымен жұмыс істеп келемін. Екі жыл бұрын егіншілікпен де айналысып көрдім. Биыл жаз жайсыз болып, соңы жауынға ұласып, 100 га егістік шабылмай қалды. 700 га суармалы жер алып едік, "Қазсушардың" салғырттығынан, жобалауда жіберген шикіліктерінен сол жерді кәдеге жарата алмай отырмын. Жобада моторлық станциялар дұрыс көрсетілмеген. Тағы бір проблема — ауыл шаруашылығы техникалары. Шетелден келетін техникаларға шектеу бар. Мысалы, тек Ресей, Беларус, Канада, Қытайдың белгілі бір техникаларына ғана таңдау бар. Ал қазір Түркия, Иранда өте қолжетімді бағаға техника табуға болады. Сондай дилерлердің санын көбейтсе деген тілегіміз бар",— деді шаруа қожалығының басшысы Нұртай Ноғаев.

Шаруа қожалықтары басшылары көтерген тағы бір мәселе — агробанк құру. Олардың пайымынша, жаңа қаржылық ұйымның құрылуымен жұмыс оңтайлана түседі. Мұндай қадам шетелдік тәжірибеде бұрыннан бар екенін алға тартты.

"Агробанк ашылса деген ұсынысымызды айттық. Бұл мәселені бұрын Мәжіліс депутаттарымен кездесуде де көтергенбіз, олар да қолдады. Мысалы қаржылық ұйымға біз банктен анықтама апарамыз, әр қағазға ақша төлейміз, қаншама уақыт кетеді. Сосын займдардың кепілдігі деген бар, мысалы, біз несие алғанда мемлекет кепілдік берсе, АКК-да ондай жоқ. Соның бәрін біздер осы агробанк арқылы дұрыс жолға қойса деген мәселе көтердік", — деді "Ақтөбе фермерлік орталығы" қауымдастығының төрағасы Марлен Баймағамбетов.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 14,5 млрд теңге қаражат бөлінген.

Оның ішінде мал шаруашылығы 6 млрд , өсімдік шаруашылығы 1,5 млрд , ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге 353 млн, қаржылық құралдарға 5,2 млрд,  басқа да бағыттарға 1,4 млрд теңге бөлінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу