Арқа өңірінде ақтүтек боран басталып, қолайсыз ауа райына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар бірқатар автожолда барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция департаменті басшылығының тапсырмасымен патрульдік полиция батальонының жеке құрамы тәулік бойы қызмет атқарып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілерге көмек көрсету жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары негізгі автожолдарда тексеріс жұмыстарын жүргізіп, жолда қалған көліктерге көмек көрсетіп, қауіпті учаскелерде кезекшілік атқаруда.
– Қазіргі уақытта барлық бағыттағы жолдарға тексеріс жүргізілуде. Кейбір учаскелерде көру мүмкіндігі мүлдем төмендеген. Сонымен қатар жол бойында қар құрсауында қалып қойған көліктер де бар. Осыған байланысты барлық жүргізушілерге ауа райы тұрақталғанша алыс жолға шықпауға кеңес береміз, – деді Патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов.
Полиция тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауды үндеді. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда алыс сапарларды кейінге қалдырып, жолға шығар алдында автожолдардың ашық немесе жабық екендігі туралы ресми ақпаратты тексеру қажет.