Әйел ата-анасынан жетім болса, күйеуінің ата-ана қамқорлығынсыз қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жетісу облысы Жаркент қаласында баласын жылу батареясына байлап, аяусыз соққан әйелдің жасы – 28-де, ал күйеуі 30 жасқа толған.
– Ерлі-зайыптының жеңіл ақыл-ой кемістігі, жеңіл зерде бұзылысы диагнозы болған. Психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрады. Бұл отбасыны полиция қызметкері 18 қаңтар күні түнгі сағат 23:30 шамасында Отбасын қолдау орталығына жеткізді. Балалар медициналық тексеруден өткізілді. Анасы полиция бөлімшесінде қалды, – деп мәлім етті қалалық әкімдік мамандары.
4 және 2 жастағы балалар Жаркенттегі "Жанұя" отбасылық қолдау орталығына орналастырылған.
– Балалар қорқып, жасқанған жоқ. Ойнап кетті. Анасының көзінше өздерін қалай ұстайтынын білмедік, бізге келгенде еш мінез-құлық көрсетпеді, – дейді орталық қызметкерлері.
Бүгінде баласын ұрып-соққан әйелге қылмыстық іс қозғалып отыр.
– Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданады, – деп хабарлайды Жетісу облыстық полиция департаменті.