Ақылбек Күрішбаев: Жоғары оқу орындарында кадр дайындау бизнеске айналып кетті

901

Жыл сайын 1,5 мың студент қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Себебі жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысы ақсап жатыр. Бұл туралы сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ақылбек Күрішбаев: Жоғары оқу орындарында кадр дайындау бизнеске айналып кетті

"Бас прокуратураның мәліметі бойынша, елімізде жыл сайын колледждер мен университеттердің шамамен 1,5 мың студенті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 2020 жылы 18-30 жас аралығындағы 4 207 жас адам есірткі пайдаланғаны үшін есепке алынды", – деді депутат. 

Ақылбек Күрішбаевтың сөзінше, жоғары оқу орындарында психологтар, теологтар және спорт базалары жетіспейді. Адамгершілік-патриоттық тәрбие әлсіз. Шығармашылық белсенді жастарды қолдау мен дамытуға тиісінше көңіл бөлінбейді. Жоғары оқу орындарында тәрбие жұмысы ресми сипатта ғана жүргізіледі. 

"Қазір университет басшылары студенттерге "тәрбиеленуші тұлға" ретінде емес, университетке "қаржы түсірудің көзі" деп қарайды. Анығын айтсақ, көптеген жоғары оқу орындарында кадр дайындау бизнеске айналып кетті. Тіпті университеттерді аккредиттеу жүйесінде студенттердің тәрбие жұмысы қарастырылмаған. Жалпы біздің тәрбие жүйеміз ұлттық құндылыққа негізделуі керек. Өкінішке қарай, соңғы кезде, әсіресе халықаралық деңгейдегі университеттерде батыстық ұстанымға еліктеу орын алуда. Мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының жай-күйіне сыни талдау жүргізу қажет", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу