Ақылы жолдарда төлем жасаудың жаңа тәсілі ұсынылды

113

"ҚазАвтоЖол" ақылы жолдардағы төлемді жылдам әрі автоматты түрде жүргізуге мүмкіндік беретін RFID-белгілерді пайдалануды ұсынады.  

Ақылы жолдарда төлем жасаудың жаңа тәсілі ұсынылды Фото: qaj.kz

Арнайы құрылғы көлікке орнатылып, оның мемлекеттік нөмірі мен жүргізушінің жеке шотына байланыстырылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Көлік төлем алу пунктінен өткен кезде жүйе оны автоматты түрде танып, жол ақысын шоттағы қаражаттан есептен шығарады. Осылайша, жүргізушіге көлікті тоқтатып, қолма-қол немесе басқа тәсілмен төлем жасаудың қажеті жоқ. RFID-белгілер тегін беріледі. Оны республикалық маңызы бар ақылы жолдардағы төлем алу пункттерінен алып, сол жерде көлікке орнатуға болады. Мамандар құрылғыны жүйеге тіркеуге көмектеседі.

Компанияның мәліметінше, технология төлем алу пункттерінің өткізу қабілетін арттырып, әсіресе көлік қозғалысы жоғары кезде кезекті азайтуға және жүргізушілердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

"ҚазАвтоЖол" жүргізушілерге RFID-белгіні алдын ала алып, жеке шоттағы қаражаттың жеткілікті болуын қадағалауды ұсынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу