"Әл-ауқатты бағалау калькуляторы": Жәрдемақы алушылардың табысы қалай есептеледі?

185

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық сервистің жұмыс тәртібін түсіндірді.

"Әл-ауқатты бағалау калькуляторы": Жәрдемақы алушылардың табысы қалай есептеледі? Фото: gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, аталған сервис әлеуметтік жәрдемақы алушыларға отбасының материалдық жағдайын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін сервис 3 кезеңге бөлінген

Бірінші кезең

Деректерді енгізу өтініш берушінің өзінен басталады. Авторизациядан өту үшін ЖСН енгізу қажет. Осыдан кейін жүйе мемлекеттік дерекқорлардан азамат туралы негізгі мәліметтерді автоматты түрде жүктейді.

Олардың қатарында:

  • жынысы және жасы;
  • мүгедектігінің немесе созылмалы ауруларының болуы;
  • ресми жұмысқа орналасуы және несиелері туралы ақпарат бар.

Пайдаланушы тек осы деректердің өзектілігін тексеріп, қажет болған жағдайда түзете алады.

Бұдан кейін бір мекенжайда тұратын, сол жерде тіркелген және ортақ шаруашылық жүргізетін отбасының әрбір мүшесі туралы дәл осындай мәліметтер қолмен енгізіледі.

Екінші кезең

Бұл кезеңде де деректерді толтыру тәртібі ұқсас. Өзіңізге тиесілі мүлік туралы ақпарат жүйеге автоматты түрде шығады, оны толықтыруға немесе өзгертуге болады.

Жүйе мынадай активтерді қамтиды:

  • жеңіл және коммерциялық автокөліктер;
  • ауыл шаруашылығы техникасы;
  • жылжымайтын мүлік, тұрғын үй және жер учаскелері;
  • бизнестегі үлестер.

Одан әрі бірге тұратын отбасы мүшелерінің атындағы активтер мен әрқайсысының орташа айлық табысы кезекпен көрсетіледі.

Үшінші кезең

Тексерілген және енгізілген барлық деректер негізінде отбасының әл-ауқат деңгейі туралы алдын ала нәтиже экранға бірден шығады. Нәтижеден кейін пайдаланушыларға сервис жұмысын 5 балдық шкала бойынша бағалауға немесе еркін түрде пікір қалдыруға арналған шағын сауалнама ұсынылады.

"Калькулятор тек алдын ала бағалауға арналған және анықтамалық сипатқа ие. Есептеу нәтижесі, онымен келісу немесе келіспеу, сондай-ақ қалдырылған пікір әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындауға, олардың мөлшеріне немесе төленуіне ешқандай әсер етпейді. Бұл жәрдемақыдан бас тарту өтініші болып саналмайды және төлемдерді тоқтатуға негіз бола алмайды", – делінген хабарламада.

Есептеу нәтижесі деректердің толықтығына тікелей байланысты.

Егер отбасы мүшелерінің бірі енгізілмесе немесе оның табысы және мүлкі көрсетілмесе, қорытынды баға нақты жағдайды дәл көрсетпейді. Сондықтан есептеуді аяқтамас бұрын барлық мәліметті мұқият тексеру ұсынылады.

Мүлік туралы деректерден қате табылса не істеу керек?

Мемлекеттік дерекқордан жүктелген мүлік туралы ақпаратта қателік байқалса, оны ресми тәртіппен түзетуге болады. Ол үшін eGov.kz порталының жеке кабинеті немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы уәкілетті органдарға өтініш жолдау керек және тұрғылықты жеріңіз бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгіну қажет.

Министрлік азаматтарды тек ресми ресурстарды пайдалануға шақырады. Әл-ауқатты бағалау калькуляторы тек eGov.kz порталында және eGov Mobile ресми қосымшасында ғана қолжетімді.

Мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде, бөгде сайттарда немесе SMS-хабарламалар арқылы таратылатын сілтемелердегі калькуляторлар – жалған сервистер.

Қазақстанда eGov Mobile қосымшасындағы отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторын енді тек мемлекеттік жәрдемақы алушылар пайдалана алады.

Айта кетейік, eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған жаңа сервис пайда болды. Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу