Алдын ала тыңдауда прокурор айыптау актісін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта өткен тыңдауда тергеу материалдары қаралды. Тергеу нұсқасына сай, 1993 жылы туған азамат әл-Фараби даңғылы бойымен жоғары жылдамдықпен жүріп, жол қозғалысы ережесін бұзған.
Прокурордың сөзінше, жүргізуші жол жағдайын ескермей, көлікті толық бақылауда ұстамаған және қауіпті жағдайда жылдамдықты азайту шараларын қабылдамаған.
Сондай-ақ, көлік рұқсат етілген жылдамдықтан сағатына 80 шақырымнан асып кеткен. Қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні болған еді. Апат салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушы қыз қаза тапты.
Сот отырысында Александр Пак марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрап, заң алдында жауап беруге дайын екенін жеткізді.