Алдын ала сот отырысы 28 мамырда Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Адвокат Олег Черновтың айтуынша, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған резонансты жол апатына қатысты қылмыстық іс сотқа түсті. Сотқа дейінгі тергеу қысқа мерзімде аяқталған. Қалалық сот та істің өндіріске қабылданғанын растады.
Қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болды. Mercedes пен Zeekr көліктері соқтығысып, салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты. Ал Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Тергеу мәліметінше, ол көлікті мас күйде басқарған.
Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Қазір оған қатысты “күзетпен ұстау” бұлтартпау шарасы қолданылған.
Аталған іс қоғамда қызу талқыланды. Әлеуметтік желіде жол апатына көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар тарады. Кей жазбаларда жарысқа полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысы болуы ықтимал екені айтылған.
Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі бірқатар қызметтік тексеру жүргізіп, Алматы полиция департаментінің бірнеше басшысын қызметінен босатты. Сонымен қатар департамент басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс қозғалды. ІІМ мәліметінше, мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген күдік бойынша да қосымша тергеу басталған. Қазір бұл бағыттағы материалдарды өзіндік қауіпсіздік департаменті қарап жатыр.