Алатау қаласына қатысты құжат нормалары жаңа Конституция ережелеріне сәйкестендірілді

293

Заң жобасының атауы өзгертілді. 

Алатау қаласына қатысты құжат нормалары жаңа Конституция ережелеріне сәйкестендірілді Фото: gov.kz

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Парламенттің бірлескен отырысында Алатау қаласының арнаулы мәртебесіне қатысты құжаттағы негізгі нормаларға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Депутаттардың түзетулері бойынша біріншіден, заң жобасының нормалары жаңа Конституция ережелеріне сәйкес келтірілді. Заң жобасының атауы енді  "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасы болып өзгертілді. Екіншіден, Алатау қаласының даму перспективасын ескере отырып, арнаулы құқықтық режимнің жекелеген ережелерін қала маңындағы аймақта да қолдану мүмкіндігі нақтыланды", – деді депутат.

Үшіншіден, "Алатау қаласының басым салалары", "бизнес-лицензия", "реттеуші рұқсат" және "салықтық преференция" сияқты жаңа ұғымдар енгізілген. Төртіншіден, абаттандырудың, инженерлік, көліктік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйелерінің барлық дерегі бірыңғай цифрлық платформада болады. 

"Бесіншіден, бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуді тек қана Бас прокуратура органдарының жүргізе алатыны туралы норма енгізілді. Алтыншыдан, Қазақстанның негізгі аумағында, оның ішінде өндірістік-өткізу тізбектерінің жекелеген элементтерін қалаға көшіру есебінен бизнесті қолдау үшін салықтық преференцияларды пайдалану мүмкіндігін болғызбайтын түзетулер егжей-тегжейлі пысықталып, бекітілді. Жетіншіден, депутаттар бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды күшейтуге қатысты түзетулер енгізді. Енді Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Қазақстан Республикасының Құрылтайына ұсынылатын жыл сайынғы есептерінің құрамына Алатау қаласы әкімшілігінің республикалық бюджет қаражаты бойынша бюджеттің атқарылуы туралы есебі енгізілетін болады", – деп атап өтті мәжілісмен.

Сегізіншіден, депутаттардың түзетулерінде Әкімшіліктің лауазымды адамдарының (бас атқарушы директор мен әкімшілік қызметшілерінің), сондай-ақ Алатау қаласының әкімі мен оның орынбасарларының өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі жауапкершілігін енгізу көзделді. Тоғызыншы, халықтың жүріп-тұруы шектелген топтарының қала ішінде еркін қозғалысына қолайлы жағдай жасауға қатысты түзетулер енгізілді.

"Оныншы, депутаттардың түзетулерімен әкімшілік актілері Экология кодексінің талаптарымен салыстырғанда қоршаған ортаны қорғаудың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге тиіс туралы ұсыныс енгізілді", – деді Нұртай Сабильянов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу