Алатау қаласы аумағында орналасқан тұрмыстық қалдықтар полигонында 1 аптадай өрт болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kazinform-ға сілтеме жасап.
Оның салдарынан қала аумағында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Алматы облысы экология департаменті бұл оқиғадан кейін аталған қоқыс полигоны жабылуы мүмкін екенін хабарлады.
"Алатау қаласы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болған өртке байланысты оның жұмысы уақытша тоқтатылды. Өрттің себебін анықтау мақсатында, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – делінген басқарма жауабында.
Сонымен қатар ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Алматы облысында ғарыштық мониторинг нәтижесінде 145 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Бүгінге дейін оның 123-і жойылды, бұл – 84,8 пайыз.
"Қалған 22 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін жою жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 505-бабы бойынша 19 782 хаттама толтырылып, жалпы 27,1 млн теңге айыппұл салынды. Ал 434-баптың 2-бөлігі бойынша 3 399 хаттама толтырылып, 109,1 млн теңге айыппұл салынды", – деп хабарлады ведомство.