Астана қаласының "Сарайшық" ауданында аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактісі тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, биыл наурыз айында белгісіз тұлға өзін ұлттық байланыс операторы компаниясының қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіге қоңырау шалып, қосымша телеарналарды қосуға 30% жеңілдік бар екенін хабарлаған.
Телефон арқылы сөйлесу барысында алаяқ жәбірленушіні түрлі әрекеттерді орындауға көндіріп, оның ұялы телефонына қол жеткізген.
Нәтижесінде жәбірленушінің ұялы телефоны уақытша бұғатталып, оның депозиттік шотынан 20 млн теңге көлеміндегі ақша қаражаты заңсыз иемденілген.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігімен (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды сақ болуға, бейтаныс адамдардың телефон арқылы берген нұсқауларын орындамауға, сондай-ақ құпия кодтарды, банк карталарының деректерін және жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.