Алаяқтар eGov атын пайдаланып, банк деректерін ұрлауға кірісті

Алаяқтар тұрғындарды "айыппұл төле" деп алдап жатыр.  

Алаяқтар eGov атын пайдаланып, банк деректерін ұрлауға кірісті Фото: polisia.kz

Полиция көпшілікті алаяқтықтың бұл түрінен де сақ болуға шақырды.

Олар мемлекеттік қызметтерге деген сенімді пайдаланып, азаматтардың жеке деректерін заңсыз иемденуге әрекет етеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Polisia.kz-тің жазуынша, аталған схема бойынша азаматтардың ұялы телефондарына ресми мемлекеттік байланыс орталығы нөмірінен хабарлама түседі. Онда тұрғынға әкімшілік айыппұл салынғаны туралы ақпарат беріліп, оны тексеру немесе төлеу үшін сілтеме шығады.

– Бір қарағанда ұсынылған сілтеме ресми мемлекеттік порталға ұқсас болып көрінеді. Алайда, бұл – жалған сайт. Алаяқтар арнайы жалған интерфейс жасап, оны "eGov порталы" секілді етіп безендіреді. Ең қауіптісі, аталған жалған сайтта кез келген көлік нөмірін немесе ЖСН-ды енгізсеңіз де, жүйе автоматты түрде "айыппұл бар" деген жалған ақпарат көрсетеді. Бұл – қолданушыны алдап, сенімін арттыру үшін жасалған айла.

Одан әрі "төлеу" батырмасын басқан жағдайда, сайт сізден банк картасының толық деректерін енгізуді сұрайды. Бұл мәліметтер алаяқтардың қолына түскен сәтте, сіздің қаражатыңыз заңсыз шешіліп алынуы мүмкін, – делінген хабарламада.

Қате дерек енгізілсе де, жүйенің "айыппұл бар" деген жалған нәтиже көрсетуі – алаяқтықтың басты белгісі. Бұл – азаматтарды шатастырып, шұғыл түрде "айыппұл төлеуге" итермелеу үшін жасалған психологиялық тәсіл.

Мемлекеттік органдар SMS арқылы жеке немесе банктік деректерді енгізуді талап етпейтінін есте шығармау керек. Яғни, ресми айыппұлдар тек сенімді платформалар арқылы тексеріледі, сол үшін күмәнді сілтемелерге өтпеген дұрыс.

Полиция қауіпсіздік шаралары үшін күмәнді сілтемелерді ашпауға, жеке деректеріңізді бөгде сайттарға енгізбеуге, белгісіз хабарламаларға сенбеуге шақырады. Әсіресе, шұғыл әрекет ету талап етілсе, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу