Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында телекоммуникацияға жасанды интеллектіні енгізу барысына тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұялы байланыс сапасын арттыру үшін операторлар телеком-желілерін талдауға арналған жасанды интеллект енгізеді. Жүйе желі жүктемесін, пайдаланушылар тығыздығын және станциялар орналасуын талдап, болжайды. Осылайша, ресурстарды автоматты түрде, инженерлердің қатысуынсыз қайта бөлуге мүмкіндік береді", – деді Жаслан Мәдиев.
Алаяқтықпен күрес аясында AI-антифрод жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
"Жаппай қоңырау шалу, нөмірді алмастыру немесе алаяқтық белгілері анықталған жағдайда жүйе қоңырауды абонент жауап бермей тұрып, миллисекундтар ішінде шектейді", – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанда цифрлық трансформация карталары енгізіліп жатқанын жазғанбыз.