Алексей Цойдың қызметінен кетуіне не себеп?

4661

Бұл сұраққа экс-министр көп ұзатпай-ақ жауап берді, деп хабарлайды nbusiness.kz.

Алексей Цойдың қызметінен кетуіне не себеп?

Денсаулық сақтау министрі орындығын бүгін ғана босатқан Алексей Цой Қазақстан халқына үндеу жолдап, қызметінен не себепті кеткенін айтты.

"Құрметті достар мен әріптестер, бүгін сіз менің азаматтық секторға көшу және денсаулық сақтау саласын ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы дамыту туралы шешімімді қолдадыңыз. Мемлекет басшысы COVID-19 бойынша жағдайды тұрақтандыру, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыруды тапсырды. Біз эпидемиологиялық қауіптерге ден қою үшін бар жағдайды жасадық. Әр өңірде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, ауылдағы жедел жәрдем паркі, жылжымалы медициналық кешендер жаңартылды, отандық фармацевтика өнеркәсібі өнімділіктің жоғары деңгейін көрсетуде, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың қажетті қоры құрылды. СЭС пен зертханалық қызметтердің қуаты ұлғайтылды. QazVac вакцинасы шығарылды және тағы басқалар", – деп жазды министр өзінің инстаграм парақшасында.

Экс-министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласы қысқа мерзімде нығайған.

"Біз медициналық қызметкерлердің жалақысын жүйелі түрде көтеруге, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті медициналық қызметін Денсаулық сақтау министрлігіне беру, фармацевтика саласы, биологиялық қауіпсіздік, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру және басқа да көптеген заң жобаларын әзірлеуге қол жеткіздік", – деп қосты Цой. 

Бұрынғы министр жұмыс барысында атқарылған жобаларды еске алды.

"Салауатты ұлт" ұлттық жобасы мақұлданды. ДДСҰ, ЮНИСЕФ және басқа да БҰҰ агенттіктерімен серіктестік орнатылды. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жобалары іске қосылды. Бұл әріптестермен бірлесіп жүзеге асырылған бірнеше сала ғана, біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Ел басшылығына, Президент Әкімшілігіне, Премьер-Министрге, үкіметтегі әріптестерге, Денсаулық сақтау министрлігіне, барлық жергілікті атқарушы органдарға, азаматтық секторға, бұқаралық ақпарат құралдарына, волонтерлерге, үкіметтік емес ұйымдарға және құрметті медицина қызметкерлеріне сенімдері үшін, Қазақстан халқының игілігі үшін атқарылған орасан зор бірлескен жұмысқа алғыс айтамын", – деді Цой.

Алексей Цой жақын арада жұмыс жолының жаңа векторы туралы шешім қабылдайтынын да атап өтті.

Еске сала кетсек, 20 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Алексей Цой денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу