Әлем чемпионы Есенбек Сиғуатов оқ тиіп, көз жұмды

1432

Жас спортшы грепплинг, қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсу күрестерінен Атырау облысы құрама командасының мүшесі, жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы болған.

Әлем чемпионы Есенбек Сиғуатов оқ тиіп, көз жұмды

Атыраудың мақтанышына айналған грэпплингтен Азия чемпионы, осы спорт түрінен мектептің жоғарғы сыныбында оқып жүргенде-ақ жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атанған он сегіз жастағы Есенбек Сиғуатов бейсауыт атылған оқтан көз жұмды. 

Оқиға 9 тамызға қараған түні Атырау қаласының іргесіндегі Дамба мен Құрманғазы ауылдарының маңайында болған. Бірнеше жігіт төбелесіп, соңы қару қолдануға дейін жеткен. Атылған оқ жүрегіне тиген Есенбек көз жұмады.  

"Талантты жас спортшы, грепплинг, қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсу күрестерінен Атырау облысы құрама командасының мүшесі, жасөспірімдер арасында әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Сиғуатов Есенбек Тоқсанбайұлының мезгілсіз қаза болуына байланысты Атырау облысы спорттық қоғамы атынан марқұмның отбасы, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Салауатты өмір салтын бойына серік етіп, жас та болса әлемдік додаларда облысымыздың, қала берді еліміздің намысын абыроймен қорғаған өреніміздің қазасы туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Жаратушы Иеміз Алла алдынан жарылқасын. Спортшымыздың жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды", – деп көңіл айтты облыстық спорт басқармасы әлеуметтік желі арқылы марқұмның туыстарына .

Алайда, облыстық полиция департаментінен әлі күнге ешқандай мәлімет берілмей отыр.

Айта кетейік, жастардың топ болып төбелесуінің соңы қайғылы жағдайға әкеп соқтырған жайлар жыл сайын тіркеліп отыр. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу