Әлемде жыл басынан бері 70-тен астам журналист көз жұмды

655

Биыл қызметтік міндетін атқару барысында 70-тен астам журналист құрбан болды. Мұндай қылмыстардың көпшілігі ашылмаған күйі қалған. Оған қоса бүкіл әлем бойынша түрмеде отырған журналистердің саны рекордтық көрсеткішке жеткен. Шындық іздеген кәсіп өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары жиілеп барады.  

Әлемде жыл басынан бері 70-тен астам журналист көз жұмды Фото: un.org

Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Халықаралық журналистерге қарсы қылмыс үшін жазасыздықты тоқтату күні аясында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

ЮНЕСКО 2 қараша күні жариялаған есепте тілшілердің өліміне себепші болған адамдардың 86 проценті жазасыз қалатыны көрсетілген. Ең сорақысы - журналист өзін қауіпсіз сезінетін жер табылмаған. Себебі 2020-2021 жылдары кәсіби қызметіне байланысты қаза тапқан 117 журналистің 91-і, яғни 78 пайызы, жұмыс орнынан тыс жерде өлтірілген.

Соңғы кездері құрбандардың арасында қыз-келіншектер үлесі артқан көрінеді. ЮНЕСКО өткен жылы қайтыс болған журналистер арасында әйелдер санының екі есеге жуық өскенін атап өтті. Егер бір жыл бұрын әйел журналистер құрбан болғандардың 6 пайызын құраса, 2021 жылы – 11 пайыз. Дәл осындай көрсеткіш ағымдағы жылы да қайталанып отыр.

Антониу Гутерриш "сөз бостандығы демократияның дұрыс дамуы мен қылмыстарды әшкерелеуде ең маңызды шарт екенін" ерекше атап өтті.

Сондай-ақ 3-4 қарашада Венада журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша конференция өткізу жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу