Төрткүл дүниедегі 160-қа жуық ел Палестинаны мойындап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ресейлік басылымға сілтеме жасап.
БҰҰ-ға мүше 193 елдің 158-і Палестинаның тәуелсіздігін мойындаған немесе мойындауды жоспарлап отыр. Бұл туралы 22 қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында 11 ел мәлімдеді.
21 қыркүйекте G7 елдерінің ішінде алғаш болып Ұлыбритания мен Канада Палестинаны мемлекет ретінде мойындады. Кейін Аустралия мен Португалия да осындай шешімге келді. Келесі күні Франция да бұл қатарға қосылды.
Сондай-ақ бірқатар еуропалық елдер Палестинаны мойындайтынын немесе мойындауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Олардың арасында Андорра, Люксембург, Монако, Мальта, Сан-Марино және Бельгия сияқты мемлекеттер бар. Бельгия премьер-министрі Барт де Вевердің айтуынша, Брюссельдің мұндай қадамға баруы үшін бірнеше шарт орындалуы тиіс. Атап айтқанда, Израильдің тұтқындары босатылып, ХАМАС Газа секторында биліктен шеттетілуі қажет.
БАҚ-тың жазуынша, БҰҰ-ға мүше 193 елдің 158-і Палестинаның тәуелсіздігін қолдайды. Палестина Сыртқы істер министрлігінің тізімінде 159 елдің аты аталады, олар бұған Ватикан да жатқызды. Бірақ Ватикан БҰҰ-ның толыққанды мүшесі емес, ол ұйымда байқаушы мәртебесіне ие.