Әлемдегі ең бағалы валюта қандай

1352

Бүгінде долларға қарағанда еуро бағамы тұрақты болып тұр. 

Әлемдегі ең бағалы валюта қандай

Әлемдегі ең құнды валюталардың рейтингісі жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы РИА Новости-ға сілтеме жасап.

Көшбасында швейцариялық франк тұр. Әлемдегі валюталардың тұрақтылығы уақытқа байланысты. Мысалы, ХХ ғасырда швейцариялық франк сенімді инвестиция ретінде бағаланатын. XXI ғасырда да ол ең тұрақты 50 валюта рейтингісінде көшбасында. Соңғы 20 жылда ол долларға бағамына қарағанда 75%-ға қымбаттаған.

Инвесторлар Швейцарияға инвестиция салуды жөн деп санайды. Себебі, елде экономикалық еркіндік деңгейі жоғары: бір немесе екі секторға тәуелділік жоқ, еңбек өнімділігі жоғары, қайта қаржыландыру ставкасы төмен, оң сауда балансы сақталған. Ең маңыздысы – инфляция деңгейі өте төмен.

Екінші орында – чех кронасы. Ол доллар бағамына қарағанда 61%-ға нығайған. Чехия ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) өсуі бойынша көптеген мемлекеттің алдында тұр. Елде баға күрт көтерілмейді, шетелдік инвесторлар мемлекет жобаларына қаржы құйып жатыр. Нәтижесінде ұлттық валюта нығая түскен. Чехия – Еуропа Одағындағы еуроға көшпеген мемлекет. Ол Еуроодақ бюджетінен қайтарымсыз негізде қомақты қаражат алады: шамамен 5 млрд еуро.

Үздік үштікте жаңазеландиялық доллар. Ол 33%-ға нығайған. Оның тұрақтылығын дамыған нарықтық экономика қамтамасыз етіп отыр.
Долларға шаққанда Еуропа елдері, Албания, Хорватия және Қытай ұлттық валюталары 20%-ға нығая түскен.
Швеция, Сингапур, Израиль, Польша, Дания, Аустралия, Канада, Болгария, Оңтүсік Корея, Гонконг валюталары сәл болса да қымбаттаған.

Сарапшылардың пікірінше, әлсіз және тұрақсыз экономикада күшті және сенімді валюта болмайды. Мұнда мемлекеттің аумағы мен халық саны мүлдем маңызды емес.

Долларға шаққанда ең аз құнсызданған валюта да тұрақты болып саналады. Оның ішінде БАӘ дирхамы, Сауд риалы, Кувейт динары, Бахрейн динары, Оман риалы, Иордан динары және Жапон иенасы бар.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу