ТАСС басылымының жазуынша, сынақтың сәтті өткені Владимир Путиннің қатысуымен өткен жиында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бүгін сағат 11:15-те Ракеталық стратегиялық мақсаттағы әскерлер ең жаңа ауыр сұйық отынды құрлықаралық баллистикалық "Сармат" зымыранын ұшырды. Ұшыру сәтті өтті. Қойылған міндет толық орындалды, – деді ол.
Каракаевтың сөзінше, "Сармат" кешенімен жабдықталған ұшыру қондырғыларын пайдалану стратегиялық ядролық күштердің жерүсті топтарының жауынгерлік әлеуетін айтарлықтай арттырады. Бұл нысандарды кепілді түрде жоюға және стратегиялық тежеу міндеттерін тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Владимир Путин "Сарматты" әлемдегі ең қуатты зымыран кешені" деп атады. Оның айтуынша, бұл кешен кеңестік кезеңде жасалған әрі Ресей қару-жарағында тұрған "Воевода" кешенінен кем түспейді.
– Жеткізілетін жауынгерлік оқтұмсықтың жиынтық қуаты қазіргі Батыстағы ең қуатты баламалардың кез келгенінен төрт еседен де артық, – деді Ресей президенті.
Сергей Каракаев сынақтар зымыранның барлық техникалық сипаттамасын толық растағанын мәлімдеді. Ол "Сарматтың" ұшу қашықтығы, алып жүретін жүктің салмағы, ұшыруға дайындығы және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін еңсеруге арналған қарсы әрекет құралдары бойынша "Воеводадан" асып түсетінін айтады.
"Сарматтың" алғашқы сәтті сынағы 2022 жылдың 20 сәуірінде Архангельск облысындағы Плесецк ғарыш айлағынан өткізілген еді. Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, зымыран ұшу барысында барлық есептік сипаттамасын растаған, ал оқу-жаттығу оқтұмсықтары Камчатка түбегіндегі Кура полигонына дәл жеткен.
Ресей қорғаныс ведомствосы сол кезде де "Сарматты" нысананы жою қашықтығы бойынша әлемдегі ең қуатты зымыран деп бағалап, оның стратегиялық ядролық күштердің әлеуетін едәуір күшейтетінін атап өткен еді.
– Жыл соңына қарай "Сармат" шынымен де жауынгерлік кезекшілікке қойылады, – деді Ресей президенті.
"Сарматтың" қолданылу қашықтығы 35 мың шақырымнан асуы мүмкін.
– Зымыран тек баллистикалық емес, суборбиталық траекториямен де ұша алады. Бұл 35 мың шақырымнан астам қашықтықта қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дәлдік көрсеткіші екі есе жақсарып, қолданыстағы және болашақтағы кез келген зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін еңсеруге қауқарлы болады, – деді Путин.