Report басылымының жазуынша, оқыс оқиға Чилидегі әйгілі Торрес-дель-Пайне ұлттық саябағында тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаза тапқандардың барлығы дерлік – туристер. Арасында жоғалып кеткендер де бар.
– Із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұрған 7 адамның 4-еуі тірі екені расталды. Ал үшеуі мерт болды. Олар – Ұлыбританияның және Германияның екі азаматы, – делінген хабарламада.
Табиғи апаттан қаза тапқан тағы екі адам – Мексикадан келген туристер.
Қайғылы оқиға ұлттық парктің айналмалы бағытында тіркелді. Алдыңғы күні ғана бұл аймаққа қар жауып, желдің екпіні жеделдеген.
Осылайша, жаяу жүргіншілер адам айтқысыз дауылға тап болған. Іздестіру жұмыстарына қалың қар мен қатты жел кедергі келтіріп отыр.
Қазіргі уақытта қауіпсіздік мақсатында саябақтың бір бөлігі уақытша жабылған.