Әлемдегі геосаяси жағдайдың құбылмалы болуы біздің экономикамызға айтарлықтай әсер етті - Мемлекет басшысы

2566

Ақорда резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен қаржы-экономика саласындағы мейлінше өзекті мәселелер жөнінде кеңес өтті, деп жазады  inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Әлемдегі геосаяси жағдайдың құбылмалы болуы біздің экономикамызға айтарлықтай әсер етті - Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси жағдайдың құбылмалы болуы біздің экономикамызға айтарлықтай әсер еткенін атап өтіп, мемлекеттік органдардың үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет екенін айтты.

– Жағдай күн сайын өзгеруде, өте құбылмалы кезең. Сондықтан біз барлық сын-қатер мен мүмкіндікті нақты әрі тез анықтап, әр қадамымызды нық басуымыз керек. Қабылданатын шешімдер барынша салмақты болғаны жөн. Бірақ, созбалаңға салмай, шұғыл шараларды қолға алуымыз керек. Қағазбастылыққа жол бермеу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов экономиканың қазіргі жағдайы мен оның дамуына қатысты болжамдар туралы баяндады. Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты жөнінде есеп берді. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылға арналған республикалық бюджеттің нақты параметрлері жайында мәлімет берді. 

Сонымен қатар іс-шарада бюджет шығындарын оңтайландыру, көктемгі егіс науқанына дайындық барысы, экспорт саясатын дамыту, инвестиция тарту және көлік логистикасын жетілдіру, сондай-ақ Халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкімет пен Президент Әкімшілігіне еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне қатысты бірқатар тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу