Watershed Investigations ұйымы мен The Guardian басылымы жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, әлемдегі ең ірі 100 қаланың шамамен 50 пайызы су тапшылығының жоғары немесе өте жоғары деңгейін бастан өткеріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мамандардың айтуынша, су тапшылығының күшеюіне ең алдымен су ресурстарын тиімсіз басқару және климаттың өзгеруінің салдары әсер етуде.
Зерттеу қорытындысы бойынша, Бейжің, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Рио-де-Жанейро және Дели қалалары су тапшылығы аса жоғары деңгейде сезіліп отырған мегаполистердің қатарына енген. Ал Лондон, Бангкок және Джакарта қалаларында жағдай одан да күрделі, яғни су тапшылығы өте жоғары деңгейде бағаланған.
Осы зерттеу аясында Watershed Investigations ұйымы әлем елдеріндегі қуаңшылық қаупін көрсететін "Су қауіпсіздігі атласы" атты интерактивті картаны жариялады. Аталған картаға Қазақстан қалалары да енгізілген.
Интерактивті картада Астана маңы бейтарап реңктермен – күлгін-көк түстер арқылы белгіленген. Ал су ресурстарының тапшылығы қаупі жоғары аймақтар сары, қызғылт сары және қызыл түспен көрсетілген. Бұл модельге сәйкес, елордадағы ықтимал су тапшылығы деңгейі Алматы мен Шымкент сияқты ірі мегаполистермен салыстырғанда төмен екені байқалады.
Айта кетейік, су тапшылығы ұғымы қаланы сумен қамтуға және өнеркәсіп қажеттіліктеріне қажет су көлемі қолда бар су қорына жақындап қалған немесе одан асып кету қаупі бар жағдайды білдіреді.