Ақмола облысы бір жыл ішінде 2 миллион турист қабылдамақ.
Туристерді тартатын негізгі орталық дәстүрлі түрде Бурабай курорты болады. Мұнда келушілерді қабылдауға арналған инфрақұрылым мен туристік нысандарды дайындау бойынша ауқымды жұмыстар аяқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта қолданыстағы 10 бағыт абаттандырылып, Жүкей көлі мен Ақылбай ауылы маңында екі жаңа маршрут ашылды. Сонымен қатар, курорттың ішкі инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Бурабайда 8 бақылау алаңы салынды, жаңа саябақ аймағы ашылды, 45 пикник аймағы жабдықталды, ұзындығы 30 шақырым болатын велосипед жолы тағы 10 шақырымға ұзартылды, сондай-ақ 55 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды.
Көлік қолжетімділігі саласында да маңызды өзгерістер орын алды. Осы айда Щучинск қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға беріледі. Вокзалдан жолаушыларды жайлы тасымалдауды қамтамасыз ету үшін жаңа автобус бағыттары іске қосылады.
Курорттың қонақүй инфрақұрылымы да белсенді түрде дамуда. Шілде айында Mövenpick қонақүй кешенін, ал желтоқсан айында бес жұлдызды Radisson Blu Burabay қонақүйін ашу жоспарланған. Сонымен қатар, бес жұлдызды Dolce by Wyndham қонақүйінің құрылысы жалғасуда, ал шілде айында Holiday Inn Resort Burabay жобасын іске асыру басталады.
Бурабайдың жаңа келбетіне айналатын тағы бір перспективалы жоба – заманауи конгресс-орталық. Қазіргі уақытта жобалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
"Демалушылардың қауіпсіздігін 40 полиция қызметкері және құрамында 123 "ақылды" камерасы бар заманауи интеллектуалды бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етеді. Щучье, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерінде үш құтқару станциясы жұмыс істейді. Олар жазғы маусым кезеңінде күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген", – деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.