Алматылық жас музыкант Иван Жуков миллиондардың сүйікті әнін қазақтың қасиетті қара домбырасында орындап, әлемдік музыка мен ұлттық өнерді үйлестірген бейнебаянды көпшілік назарына ұсынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ерекше кадрлар үшін музыкант түнгі сағат 02:00-де жолға шығып, қазақ даласында арайлап атқан таңды қарсы алған. Видеода Иван ұлттық шапан киіп, Қазақстанның көркем табиғаты аясында Bailando әнін домбырада орындайды. Кең дала, домбыраның қоңыр үні мен әлемдік хит бір туындыда тоғысқан.
Көшпенділер қаласында жас музыкант ұлттық шапан киіп, табиғаты көркем қазақ даласының ортасында домбыра тартады. Домбыраның қоңыр үні, шексіз дала мен таң шапағы әлемге әйгілі әнге қазақы нақыш пен айрықша рух сыйлаған.
"Мен заманауи әндерді домбырада көптен бері орындап келемін. Домбыраның мүмкіндігі өте кең. Ол тек халық әндеріне ғана емес, әлемдік хиттерге де ерекше реңк бере алады. Мен соны көрсеткім келеді", – дейді Иван Жуков.
Иван – кәсіби білімін гитара мамандығы бойынша алған. Домбыраны кейінірек меңгергенімен, ішекті аспаптарда жинаған тәжірибесі оған қазақтың ұлттық аспабын тез игеруге көмектескен.
Музыканттың айтуынша, испаниялық әншінің әндері оған бала кезінен таныс әрі жүрегіне жақын.
"Бала күнімде ата-анаммен көлікпен жиі жүретінбіз: мектепке баратынбыз, қала сыртына немесе шағын сапарларға шығатынбыз. Сол кезде радиодан Энрикенің әндері үнемі шырқалып тұратын. Арада қаншама жыл өткен соң оның ең танымал әндерінің бірін домбырада орындаймын деп ол кезде үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Сондықтан бұл композиция мен үшін жай ғана кавер емес, бала күнгі жылы естеліктермен байланысқан ерекше дүние", – дейді жас музыкант.
Bailando әні 2014 жылы жарық көріп, хитке айналды. Содан бері XXI ғасырдағы ең танымал испан тіліндегі әндердің бірі болып саналады. Ал енді көпшілікке таныс бұл туынды домбыраның үнімен қайта жаңғырып, қазақ тыңдарманына ерекше нұсқада ұсынылды.
Қазақстандық жанкүйерлер көптен күткен кездесуге де санаулы уақыт қалды. Биыл күзде Энрике Иглесиас елімізде екі үлкен концерт береді. 3 қыркүйек күні әлемдік жұлдыз Астанадағы Astana Arena сахнасында, ал 5 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда өнер көрсетеді.