Қазақстанда Балалардың әл-ауқаты индексінің қорытындысы аясында ауқымды әлеуметтік зерттеу жүргізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сауалнамаға балалар, ата-аналар және педагогтер қатысқан.
Зерттеу нәтижелері балалардың құқықтық қорғалуының орташа деңгейі 90,3% екенні көрсетіп отыр. Бұл – олардың өз құқығы туралы хабарар болуы жоғары екенін және өзін қорғау тетіктерін қолдана алатынының белгісі.
Алдыңғы қатарда Қостанай облысы (94,5%), Маңғыстау облысы (93,5%) және Қызылорда облысы (93,1%) бар.
Тағы бір маңызды көрсеткіштердің бірі – жасөспірімдердің өз өміріне қанағаттану деңгейі. Зерттеуде 10-18 жастағы балалардың 85%-ы өзінің әлеуметтік және психологиялық жағдайын оң бағалаған. Ең жоғары нәтиже Қостанай облысында (90,1%), Шымкент қаласында (88,7%) және Қызылорда облысында (88,5%) тіркелді.
– Балалар әл-ауқаты индексі – баланың денсаулығы, білімі, отбасы және әлеуметтік ортасын қамтитын маңызды көрсеткіш. Біздің мақсатымыз – ең алдымен балалардың өз үнін есту. Зерттеу нәтижелері олардың өзін қауіпсіз сезінетінін, ата-анасымен жақсы қарым-қатынасын және болашағына сеніммен қарайтынын көрсетіп отыр, – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Еске салайық, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда Балалардың әл-ауқаты индексі тұрақты өсім көрсетіп, орташа республикалық көрсеткіш 2,5 пунктке артып, 58,6 балл болған еді.