Елімізде әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған бірнеше танымал әртістер мен блогерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Комитеттің дерегінше, 2025 жылдың басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша (лотерея операторы болып табылмайтын тұлғаның лотерея өткізуі) 89 адам жауапқа тартылған.
Миллиондаған жазылушысы бар инфлюенсерлерге 1,1 млн теңгеге дейін айыппұл салынған. Мәселен:
– актер Рамазан Амантайға – 100 АЕК немесе 393 200 теңге айыппұл;
– әнші әрі продюсер Мөлдір Мұқанға – 150 АЕК немесе 589 800 теңге айыппұл;
– әнші, блогер Мереке Қалбаеваға – 150 АЕК немесе 589 800 теңге айыппұл;
– блогер Нұрбек Нұртазаға – 300 АЕК немесе 1 179 600 теңге айыппұл;
– блогер Әмина Нұртазаға – 210 АЕК немесе 825 720 теңге айыппұл;
– блогер Қайсар Қамзаға – 300 АЕК немесе 1 179 600 теңге айыппұл салынған және т.б.
Сондай-ақ, ұтыс ойындарын өткізгені үшін ыдыс-аяқ, перде және басқа да тауарлар сататын коммерциялық аккаунттар да жауапқа тартылған.
Тиісті органдардың айтуынша, заңсыз ұтыс ойындары әлеуметтік желілерді тұрақты мониторингтеу және азаматтардың шағымдары арқылы анықталады. Кей жағдайларда құқық бұзушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Комитет өкілдері атап өткендей, егер азамат әкімшілік қаулымен келіссе, айыппұлды өз еркімен төлейді, ал келіспеген жағдайда іс сотқа жіберіледі.
ӘҚБтК-нің 445-1-бабына сәйкес, заңсыз лотерея өткізгені үшін жеке тұлғаларға – 100 АЕК, жеке кәсіпкерлерге – 300 АЕК айыппұл қарастырылған. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері тиісінше 200 және 750 АЕК-ке дейін өсіп, табыс тәркіленеді.