Әлихан Смайылов 5G енгізу бойынша жұмыстарды аяқтауды тапсырды

515

Республикадағы елдімекендердің 77%-і мобильді кең жолақты интернетпен қамтылған.  

Әлихан Смайылов 5G енгізу бойынша жұмыстарды аяқтауды тапсырды Фото: primeminister.kz

2027 жылы 5G енгізу бойынша жұмыстарды аяқтау қажет. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алқа мәжілісінде мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Ел тұрғындарының интернеттің сапасыздығына, ұялы байланыспен қамтамасыз етілуге қатысты шағымдары туралы өздеріңізге белгілі.  Жақсы интернет байланысы кейде үлкен қалаларда да болмай жатады. Бүгінгі таңда ұялы телефонның көмегімен бәрін де істеуге болады, бірақ бұл интернеттің болмауына байланысты кейде мүмкін бола бермейді.  Бұл мәселені шешу қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық қалалар мен аудан орталықтары, сондай-ақ республикалық және негізгі облыстық автожолдар сапалы ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс", - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов ұялы байланыс пен интернеттің қамтылуына қатысты талдау жүргізу қажеттігі туралы да атап өтті.

"Бұл іс-шаралар "Қолжетімді Интернет" ұлттық жобасы аясында қабылдануға тиіс. Сонымен қатар бүгінде 5G енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, ол бойынша ең әуелі республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын қамтамасыз ету жоспарланған. Тиісті жұмыстар 2027 жылы аяқталуы тиіс", - деді ол.

Премьер-Министрдің сөзінше, бұдан басқа өңірлерде 3G және 4G байланыс стандарттарын одан әрі дамыту да маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу