Әлихан Смайылов көкөніс қоймаларын жедел толықтыруды тапсырды

521

Жыл басынан бері әлеуметтік маңыз бар азық-түлік тауарларының бағасы 19,6%, оның ішінде өткен аптада 0,1% көтерілген.

Әлихан Смайылов көкөніс қоймаларын жедел толықтыруды тапсырды

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағалары және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері бойынша кеңесте айтылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл басынан бері ӘМАТ бағасы 19,6%, оның ішінде өткен аптада 0,1% көтерілген. Өңірлер бойынша ең жоғары өсім Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Алайда соңғы уақытта елімізде бірқатар тауар позициясының, соның ішінде пияз бен қант бағасы төмендеп келеді.

Бағаны тұрақтандыру үшін 186,1 мың тоннаға жуық ӘМАТ қоры бар. Сонымен қатар өңірлерде көкөністерді жинау жұмыстары жалғасып жатыр, бұл тұрақтандыру қорларының азық-түлік базасын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр қазіргі уақытта биылғы егіннен жиналған көкөніс өнімдерінің бағасы төмен екенін атап өтті. Осыған байланысты өңірлердің әкімдері тұрақтандыру қорларын белсенді түрде толықтыруы қажет.

"Наурыз айынан маусым айына дейін жалғасатын маусымаралық кезеңде тапшылықты болдырмау және қымбат көкөністерді сырттан тасымау үшін қоймаларды қазірден бастап пияз, картоп, сәбіз, қырыққабатпен толтыру қажет. Маусымдық кезеңде бағаны интервенциялау және көкөніс бағасының шарықтап кетуіне жол бермеу үшін оларды ең төмен бағамен сатып алатын мүмкіндікті қазірден тиімді пайдалану қажет", — деді деді Әлихан Смайылов.

Еңбек нарығының барлық негізгі көрсеткіші бүгінгі таңда тұрақты. Бұл ретте мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын қосқанда, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, бос позицияларды жабу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру және өзге де шараларды іске асыру жалғасып жатыр.

"Мемлекет басшысы барлық аудандар мен қалалардың әкімдеріне жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жұмыс орнын құруды тапсырды. Алайда қазір Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарында жұмыс тиімсіз жүргізіліп жатыр", — деді Әлихан Смайылов. 

Оның айтуынша, бірқатар облыста міндетті зейнетақы жарналары бойынша көрсеткіштер төмен және жалған жұмысқа орналасу фактілері анықталып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу