Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігінің алқа мәжілісін өткізді

542

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бейнеконференц байланыс режимінде Ұлттық экономика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. 

Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігінің алқа мәжілісін өткізді

Онда осы жылдың қорытындылары қаралып, 2023 жылға арналған жоспарлар белгіленді, деп хабарлайды Inbusines.kz ҚР Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство басшысы Әлібек Қуантыров қаңтар-қараша айларында экономика өсімі 2,7%-ды құрағанын атап өтті. Сыртқы сауда айналымы 34%-ға өсіп, $111 млрд-қа жетті.

Биыл жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға, сондай-ақ жаңа трендтерді, оның ішінде ESG стандарттарын ескере отырып, инвестицияларды тарту саясатын қайта қарауға бағытталған 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды.

Министрдің айтуынша, өңірлерді дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, елдің 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары бекітілді.

Тарифтік саясатты реформалау үшін "Тарифті инвестицияға айырбастау" жаңа тұжырымдамасы ұсынылып отыр. 2029 жылға қарай республикада инженерлік желілердің тозуын 20%-дық пунктке дейін төмендету көрсеткішіне қол жеткізу көзделген. Ол үшін шамамен 3,8 трлн теңге инвестиция тарта отырып, 134 мың км астам желіге жөндеу жүргізу қажет болады. Мәселен, келесі жылы 13,2 мың км жылу және электрмен жабдықтау желілерін жөндеу үшін шамамен 300 млрд теңге тарту және табиғи монополиялар саласындағы қызметкерлердің жалақысын 50%-ға дейін арттыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар алқа мәжілісінде кәсіпкерлікті, қаржы секторын, өңірлерді, мемлекеттік басқаруды және т. б. одан әрі дамыту бойынша жоспарланған шаралар қаралды.

Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігінің негізгі мақсаты – халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатының артуын нақты қамтамасыз ететін біртұтас және тиімді экономикалық саясат қалыптастыру екенін атап өтті.

Оның айтуынша, ағымдағы сыртқы экономикалық конъюнктура белгісіздіктің жоғары деңгейімен сипатталады. Әлемдік экономикада энергия ресурстары мен азық-түлік тауарлары бағаларының өсуі барлық жерде байқалып отыр.

"Үкімет туындап жатқан тәуекелдерді жою үшін бар күшін салады. Бірақ, өкінішке орай, әлемдік экономикадағы жағдай әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр. Сыртқы факторлар Қазақстан экономикасының өсу қарқынына және тиісінше экономикалық белсенділікке өз әсерін тигізуде. Осыған байланысты 2023 жылы Ұлттық экономика министрлігінің алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр", — деді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу