Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алимент төлеуден жалтарған азаматқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот мәліметінше, борышкер бір жылдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған баласын асырау жөніндегі сот шешімін орындамаған. Соның салдарынан оның алимент бойынша берешегі 4 млн теңгеге дейін жеткен.
Нәтижесінде азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Белгілі болғандай, ол бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда рақымшылыққа байланысты жазадан босатылғанына қарамастан, ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтаруын жалғастырған.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында өңірде алимент төлеуден жалтару фактісі бойынша 21 қылмыстық іс тіркелген. Оның жетеуі тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылса, бес іс бойынша айыптау үкімі шығарылған. Қалған істер бойынша тергеу және сот процестері жалғасуда.
Прокуратура сот шешімдерін орындамау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.