Алимент төлеуден жалтарған алматылық тұрғын көлігін туысының атына рәсімдеген

359

Сот мәліметінше, ер адам өзіне тиесілі көлікті әпкесіне сыйға тартқанымен, іс жүзінде оны өзі пайдаланған.  

Алимент төлеуден жалтарған алматылық тұрғын көлігін туысының атына рәсімдеген Фото: primelegal.kz

Бұл әрекеті мүлікті жасыру және алименттік міндеттемелерден жалтару ретінде бағаланып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Алматы тұрғыны үш баласына төленетін алимент мөлшерін азайту үшін көлігін жақын туысының атына рәсімдеп, сотқа материалдық жағдайының нашарлағанын дәлелдеуге тырысқан. Алайда кассациялық сот оның талабын қанағаттандырған жоқ.

Ер адам 2009, 2012 және 2015 жылы туған үш баласына төленетін алимент көлемін әр балаға 5 айлық есептік көрсеткішке (21 625 теңге) дейін төмендетуді сұраған. Ол жалдамалы жұмысшы екенін әрі ай сайынғы табысы 100 мың теңге екенін алға тартқан. Алайда бұл мәліметтерді растайтын құжаттарды көрсете алмаған. 

2016 жылғы сот шешімімен ол әр балаға 20 АЕК көлемінде, яғни 86 500 теңгеден алимент төлеуге міндеттелген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның талабын ішінара қанағаттандырып, төлем мөлшерін 10 АЕК-ке дейін қысқартқан. Кейін балалардың анасы кассациялық сотқа қайта жүгінген.

Іс материалдарын қараған сот алқасы талапкердің қаржылық жағдайының нашарлағанын дәлелдей алмағанын атап өтті. Сонымен қатар салық есептілігі оның көрсеткен жұмыс орнында еңбек етпейтінін және балаларын асырауға жеткілікті табысы бар екенін дәлелдеді.

Нәтижесінде кассациялық сот төменгі сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, алимент мөлшерін азайту туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу