Экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша қала әкімі Дархан Сатыбалды экологиялық санаты төмен ескі автокөліктерді сатып алып, кейін оларды кәдеге жарату үшін арнайы компания құру мәселесін пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматыдағы ауа ластануының негізгі көзі болып отырған автокөліктерден шығатын зиянды шығарындыны азайтуға бағытталған жүйелі шаралар қарастырылып жатыр.
Жоба аясында автопаркті жаңарту тетіктерін іске асыратын еншілес ұйым құру көзделуде.
Сонымен қатар жоба шеңберінде экологиялық таза көліктерді сатып алуға жеңілдетілген несиелеу, лизингтік бағдарламалар және Trade-In тетіктерін енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаға Astana Motors, Orbis және басқа да жергілікті автокөлік өндірушілерін тарту жоспарланған.
"Аталған шараларды іске асыру автопаркті жаңартуды ынталандырып, тозығы жеткен көліктер санын азайтуға және соның нәтижесінде қаладағы атмосфераға таралатын зиянды шығарынды деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді", – делінген әкімдік таратқан хабарламада.