Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әкім төрағалығымен өткен кеңеске ғылыми қауымдастық өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары және жас ғалымдар қатысқан. Жиында Президент тапсырмасы бойынша өңірде инновациялық экожүйе қалыптастырып, ЖИ технологияларын дамыту мәселелері қозғалды.
Сатыбалды жолдауда қамтылған экономиканы әртараптандыру, жаңа салаларды дамыту және ғылым мен технология үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне тоқталып өтіп, қаланың бұл салаларды дамытуда әлеуеті зор екенін атап өтті.
"Жаһандық өзгерістер жағдайында Алматының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оның әлеуетін барынша тиімді пайдалану қажет", – деді әкім.
Президенттің AI технологияларын экономиканың барлық саласына енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындауда Алматы қаласының алар орны ерекше. Себебі елдегі 254 инновациялық компанияның 52-сі оңтүстік астанада орналасқан және Алматы – еліміздің жетекші IT-хабы саналады. Сонымен бірге ғалымдар цифрлық технологияларды экономиканы жаңғыртуда, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруда, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын дамытуда тиімді пайдалану мәселелеріне де тоқталды.
Ғалымдар заманауи технологияларды қала экологиясын қорғауда, сейсмикалық қауіпсіздікті арттыруда пайдалану мәселесін де көтеріп, аталмыш салаларға ЖИ енгізу тетіктерін талқыға салды.
"Қалада жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру үшін жергілікті ғылыми институттар мен ғалымдардың қолданбалы зерттеулері мен идеяларын белсенді түрде енгізу маңызды. Алматы басқа қалаларға үлгі болып, жаңа идеялар мен үздік тәжірибелердің қайнар көзіне айналуы тиіс", – деп мәлімдеді Дархан Сатыбалды.