Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың қоғамдық орындарын аралап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының орындалу барысымен танысты.
"Гүлдер" саябағында қала басшысы аумақты көгалдандыру жұмыстарын қарап, сәндік ағаш отырғызуға қатысты. Сондай-ақ Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын күрделі жөндеу аясында демалыс аймақтары мен оған іргелес аумақтарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоба бойынша 14 мыңнан астам ағаш, бұта және гүлдің әртүрлі түрі отырғызылған. Олардың арасында Қытайдан жеткізілген жаңа сұрыптар да бар. Егілген өсімдіктердің барлығы Алматының климаттық жағдайына бейімделген. Жұмыстар бюджет қаражатын пайдаланбай, жеке компаниялардың қаржысы есебінен жүзеге асырылуда.
Бұдан бөлек, Дархан Сатыбалды Тұңғыш Президент саябағындағы қайта жаңғырту жұмыстарының барысын тексерді. Жоспарға сәйкес, мұнда серуендеу жолдары, субұрқақтар, спорт және балалар алаңдары жаңартылып, демалыс орындары абаттандырылады.
Аралау соңында қала әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бақылауда ұстауды және отырғызылған ағаштар мен өзге де өсімдіктердің күтіміне ерекше мән беруді тапсырды.