Алматы әуежайында "Алматы – Орал" рейсіне мінер алдында мас жолаушы жанжал шығарды. Ол әуе компаниясының қызметкерлеріне балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Орал қаласының 40 жастағы тұрғынын рейстен түсіріп, полиция бөлмесіне жеткізді. Тексеру кезінде оның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Ол агрессивті мінез-құлық танытып, әуе компаниясы қызметкерлеріне балағат сөздер айтып қоғамдық тәртіпті бұзған.
Ер адам алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 15 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
– Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету Көліктегі ПД қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүру, балағат сөздер айту, азаматтар мен әуе кемесі экипажының мүшелерін қорлау және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз, – деп мәлімдеді Көліктегі ПД баспасөз қызметі.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 86 181 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 6 810 дерегі және ұсақ бұзақылықтың 719 дерегі тіркелген.